ШЫМКЕНТ: «Еңбек» бағдарламасы аясында жиырма мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған

0
2 317

«Бастау-Бизнес» жобасы аясында микрокредит алушылар үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі.


ШЫМКЕНТ: «Еңбек» бағдарламасы аясында жиырма мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған

Шымкентте 2019 жылғы 9 айдында 12 мың 192 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2019 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 28 мың 853 адам 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болып, 19 мың 544 адам жұмысқа орналастырылған және оның 12 мың 192-і тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Бұл туралы Шымкент қалалық Әлеуметтік қорғау басқармасы ресми мәлімдеме жасады. Аталған ақпаратқа сүйенсек, 3602 адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстарынан өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында білім алған. Ендігі кезекте қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған адамдарға жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналасуда көмек көрсетеді.

Ал, мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып есептеледі. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын және іске асыруды жоспарлайтын, сондай-ақ бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі.

Бұдан бөлек, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және зейнеткерлік жасына жетпеген олардың мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі. Тиісінше, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында микрокредит алушылар үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі. Айта кетейік, қазіргі уақытқа дейін Шымкент қаласында 40 адам микрокредитпен қамтылды.

Сонымен қатар, аталған мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмыспен қамту үшін мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын құруды қарастырады. Оны жүзеге асыру аясында Шымкент қаласында 5 мың 987 адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 467 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 3280 адам жастар практикасына және 2240 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген.