ШЫМКЕНТ: Индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бойынша жиын өтті

0
500

Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.


ШЫМКЕНТ: Индустриалды аймақтардың  инфрақұрылымын дамыту бойынша жиын өтті

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазіргі таңда қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ, сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.

Айта кетейік, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар, қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады.

Негізінен Шымкент қаласының өндірістік қуаты 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Одан бөлек, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.