ШЫМКЕНТ: Кафеде оқ атқан азаматқа сот үкімі шықты

0
1 003

Сотталушы екі жігітпен ерегісіп, қалтасынан суық қаруын алып бұзақылық ниетпен оқ атқан.


ШЫМКЕНТ: Кафеде оқ атқан азаматқа сот үкімі шықты

Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотында кафеде оқ атқан сотталушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сотталушы М. өткен жылдың 9-шы қыркүйегінде қаладағы Б.Момышұлы көшесі бойында орналасқан дәмханада екі жігітпен керісіп қалған. Сөзбен ерегісіп, тәжікелескен сотталушы қалтасынан суық қаруын алып бұзақылық ниетпен оқ атқан. Атылған оқтан ерегіскен екі жігіттің бірі жеңіл жарақаттанған. Сотталушы М. оқ атқан қаруын өзімен бірге заңсыз алып жүргені де анықталған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2- бөлігі, яғни "Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және 293-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен, яғни "атыс қаруын, газды қаруды, пышақтарды, кастеттердi және өзге де суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер" бойынша айып тағылған. Сот аталған баптар бойынша сотталушы М.ды кінәлі деп тауып, үш жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сотталушы пробациялық бақылауға алынды.

"Сот жаза тағайындау кезінде жәбірленушілердің сотталушымен татуласқанын және оған бас бостандығынан айыруға қатысты емес жаза түрін тағайындау туралы өтініштерін ескерген. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.