ШЫМКЕНТ: Қала әкімінің орынбасары «Ақжар» тұрғындарымен кездесті

0
821

Кездесуде тұрғындар спорттық алаң ретінде жекеменшік иелігіндегі бос жерді пайдалануды ұсынды.


ШЫМКЕНТ: Қала әкімінің орынбасары «Ақжар» тұрғындарымен кездесті

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жеке қабылдауында өтініш білдірген тұрғындардың арыз-шағымы бойынша Ақжар елдімекенінде болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде тұрғындарды жеке қабылдау, олардың мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Елдімекен тұрғындары ересектерге арналған спорттық алаңшалардың жоқтығы мен жолдардың сапасы жөнінде шағымдарын жеткізді. Бес мыңға жуық халық тұратын елдімекенде биыл 5 спорттық стадион мен бірқатар жол құрылыстарын жүргізу жоспарланған.
– Жалпы жол салу жұмыстары қажеттілігіне қарай жүргізілетінін түсіну керек. Мәселен, 2000 адам жүретін жол мен 200 адам жүретін жол болса, біз әлбетте көп адам жүретін, маңызды жолға басымдық береміз. Ал қалған жолдар кезең-кезеңімен, жоспарға сәйкес атқарылады, – деді кездесуде қала әкімінің орынбасары.
Кездесуде тұрғындар спорттық алаң ретінде жекеменшік иелігіндегі бос жерді пайдалануды ұсынды. Нәтижесінде жер иесімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жобаны жүзеге асыру келісілді.
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет