Шымкент қаласы: ҚР Парламентінің Сенаты депутаттығына екі кандидат ұсынылды

0
2 890

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутат сайлау Шымкент қаласында 2018 жылы 5 қазанда өтеді.


Шымкент қаласы: ҚР Парламентінің Сенаты депутаттығына екі кандидат ұсынылды

ERNUR.KZ. Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына екі кандидат ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 36-шы сессиясы өтті. Сессияға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының сайлау комиссиясының төрағасы, мүшелері, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде екі мәселе қаралды:

1. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына 2014 жылғы 1 қазанда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне кандидат ұсыну туралы.

2. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне кандидат ұсыну туралы.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Шымкент қаласы мәслихатының 29 депутаты бірауыздан Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына 2014 жылғы 1 қазанда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне бұған дейін Шымкент қаласының әкімі, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарған Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдыны кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Шымкент қаласы мәслихатының 29 депутаты Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты депутаттығына 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне Шымкент қаласының мәслихатын 20 жылдай басқарған мәслихат хатшысы Нұрлан Құдиярұлы Бекназаровты кандидат ретінде ұсыну туралы бірауыздан шешім қабылдады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына сайлау Шымкент қаласында 2018 жылы 5 қазанда өтеді.