Шымкент қаласында «Қазақстан-Чех бизнес-форумы» өтті

0
1 139

Чехиялық бизнес өкілдері тағам өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау салаларына қызығушылық танытқан.


Шымкент қаласында «Қазақстан-Чех бизнес-форумы» өтті

Шымкент қаласында Чех Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачектің ресми сапары аясында «Қазақстан-Чех бизнес-форумы» өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған форум барысында Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов пен ЧР Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Р.Вондрачек қос ел арасындағы әріптестікті дамыту жолдарын талқылап, шаһар басшысы үшінші мегаполистегі ірі кәсіпорындар мен қаланың сауда-саттық, экономика және бизнес саласындағы әлеуеті күшті екенін атап өтті.


Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан ЧР Өнеркәсіп Одағының президенті Ярослав Ганак және Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев пен ТМД елдері бойынша Сауда-өнеркәсіп палатасының Басқарма Төрағасы Франтишек Масопуст, сонымен қатар, 50-ден астам жергілікті және 20 Чех бизнесінің өкілдері сауда және өнеркәсіп саласын дамыту жайында пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.


Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, чехиялық кәсіпкерлер қос тарап арасындағы әріптестік қатынасты нығайтуға ниетті екен.

«Қазақстан мен Чехия арасындағы мұндай форум алғаш рет Шымкент қаласында өтіп жатыр. Чех кәсіпкерлері сауда-саттық экономикалық миссия аясында қаладағы кәсіпкерлердің жобаларымен танысып, әріптестікті орнату және инвестициялық бағытта жұмыс жасау үшін келген. Оның ішінде тағам өнеркәсібі, құрылыс, машина жасау салаларына қызығушылық көп болып отыр», - деді Нұрлан Қабыштаев.