Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылаған

0
3 829

Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды.


Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылаған

Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты.
- Эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір өңірлерде белгілі бір шектеулер әлі де қолданылып отыр. Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша 7 негізгі көрсеткіштің ішінде 5 бойынша сегіз өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуі байқалуда. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, - деді Асқар Мамин.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта кәсіпкерлік құрайды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 530 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ өткен жылы Шымкентте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 29,1 млрд. теңгеге 30 жобаға қолдау көрсетілген. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 396 млн. теңгеге 418 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 576 млн. теңгеге 100 жаңа жобаға қолдау көрсету көзделіп отыр.

Кейінгі жылдары Шымкентте барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өсіп келеді. Бұл ретте қалаға тартылған инвестиция көлемінің тұрақты өсімі байқалады. Мәселен, өткен жылы Шымкент қаласының экономикасына тартылған қаражат көлемі 278,5 млрд теңгені құрап, 40,9 пайызға артқан. Осылайша, былтырғы қалаға тартылған инвестиция көрсеткіші бойынша Шымкент елімізде екінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, қалада бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалуда. Қазір мегаполисте 72 мыңнан астам бизнес субъектісі бар, оларда 160 мыңнан астам адам жұмыс істейді.