ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданының көшелері жарықтандырылып жатыр

0
484

Биыл ауданда 30 көшені жарықтандыру жоспарлануда.


ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданының көшелері жарықтандырылып жатыр

Шымкент қаласының Қаратау ауданында көшелерді жарықтандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2021 жылы аудан аумағында 31 көше жарықтандырылған болатын.
Өткен жылы ауданда 27 көшені жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылды. Ал, биыл ауданда 30 көшені жарықтандыру жоспарда.
Атап айтқанда, 2023 жылы Мирас, Нұрсат-3 (№14, 7А, 13А көшелері), Нұртас (Атымтаев, Саяхат, Ақсұңқар, Болашақ көшелері), Тұран, Қайтпас (Медеу, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелері), Таскен, Тассай шағынауданы, Сайрам тұрғын алабының көшелері жарықтандырылады.
Ал, Әл-Фараби ауданындағы 390 көшенің 110-ы жарықпен қамтылған. Биыл 14 көшені жарықтандыру Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жоспарына енгізілді. Олардың қатарында, Күншығыс шағын ауданының ішкі орамдық көшелері, №25, 28 мектеп аумағы, Абдразақов, Ж.Тыныбаев көшесі, қалалық жүйке аурулар орталығы, Бөгет көшелері бар. Қазіргі таңда 4 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар басталды.
Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер.
Ал, Шымкент қаласында көшелерді жарықтандыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында бірінші кезекте орталық көшелер жарықтандырылған. Ал, шағын аудандар мен тұрғын алаптарда мектеп, балабақша, емхана, аурухана немесе өзге де әлеуметтік нысандар орналасқан және тұрғындар көп жүретін көшелерге басымдық берілуде.