ШЫМКЕНТ: Кәсіпорын жұмысшылары жолдау жайлы ойларын ортаға салды

0
507

Кездесуде жұмысшылар жолдау жайлы ойларын ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарын қойып, оларға жан-жақты жауап алды.


ШЫМКЕНТ: Кәсіпорын жұмысшылары жолдау жайлы ойларын ортаға салды

Бүгін Шымкент қаласындағы «Шымкент май» акционерлік қоғамында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру аясында жұмысшылармен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуде Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

"Бұл Жолдау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының кезең-кезеңімен ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Себебі, біздің қоғамда «Қазақстанның табиғи байлықтарының игілігін не себепті тікелей халық көрмейді» деген мәселе көптен бері айтылып жүрген болатын. Биылғы Жолдауда Ұлттық қордың инвестициялық табыстарының тең жартысын балалардың есепшотына түсіру жөнінде бастама көтерілді. Бұл биліктің қоғамдық пікірмен, халықпен санасып отырғанын дәлелдейді. Мұндай бастамалар мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жетілдіріп, өзара сенімді күшейтуге негіз болады", – деді Р.Әшетаев.

Оның айтуынша, халық өкілдерінен құралған Қоғамдық кеңестің рөлі мен маңызы артқан. Бұл кеңес қаланың тыныс-тіршілігі мен дамуына қатысты маңызды шешімдерді талқылауға және қабылдауға атсалысады.

Кездесуде жұмысшылар жолдау жайлы ойларын ортаға салып, өздерін мазалаған сауалдарын қойып, оларға жан-жақты жауап алды.

Сонымен қоса, «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының мүшелері Бадам тұрғын алабының тұрғындарымен жүздесті. №97 мектепте өткен жиынға білім ошағының ұжымы мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға баса назар аударды. Мысалы, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы аналарға төленетін жәрдемақы мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылып отыр. Ал әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Бұған қоса сәбилерді балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізілмек, – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова.

Жиында мемлекет басшысының Жолдауында халықтың денсаулығын нығайтуға, білім саласын дамыту, жастарға, кәсіпкерлерге қолдауды күшейту қажеттігіне баса назар аударылғаны түсіндірілді. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын жақсартуға көзделген негізгі шаралардың маңыздылығы айтылды.