ШЫМКЕНТ: Кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы мемлекеттен төленеді

0
417

Кәсіпорындардың жалдау ақысы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.


ШЫМКЕНТ: Кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы мемлекеттен төленеді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өнеркәсіптік парктерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдады. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 миллин теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.

SILKWAY ALLIANCE паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.

Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда. Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде.
Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады. Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.
Өндіріс ошақтарының жұмысын бақылаған кала әкімі импорт алмастыруда жобалардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ жауаптыларға инфрақұрылым сапасын жақсартып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.
Сонымен қатар, қала әкімі 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мемлекеттен қайтарымсыз грант алған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Шаһар басшысы ең алдымен, "Business Plas" көбік түйіршікті полистирол өндіру цехына барды. Аталған кәсіпорын иелері осыдан екі жыл бұрын 5 млн теңгенің грантын ұтып, қаржыға қондырғылар сатып алған. Мемлекет қолдауымен өндірісін ұлғайтқан кәсіпорын жылына 10 мың текше метр полистирол шығарып, ішкі нарыққа сатуда.
Өнім көлемін арттырғысы келетін кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін қосымша жер қарастыруды сұрады. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізген Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға цех ашу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін бөлуді тапсырды.
Қала әкімі тиімді жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.