ШЫМКЕНТ: "Қоғамдық кеңестің жиналыстары кешкісін паркте өтеді"

0
933

Оған не себеп болғанын кеңес мүшесі айтып берді.


ШЫМКЕНТ:

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің жиналыстары саябақта өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкіміне бірқатар мәселелер талқыланған қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында сол кеңестің мүшесі Өтеген Жанысбек Тұрсынәліұлы айтты.

«Қоғамдық кеңестің басты мақсаты – билік пен қоғамның арасын байланыстыру. Бірақ, қазір осы мәселе ақсап тұр. Оның дәлелі – азық-түліктің қымбаттауына және басқа да әлеуметтік мәселелерге халықтың көңілі толмай отырғандығы. Ал, сол мәселелерді шешу үшін қоғам белсенділерімен жиі-жиі кездесіп отыру керек. Мысалы, бұрынғы әкіммен біз айына екі рет кездесіп, осындай мәселелерді шешу мақсатында ақылдасатынбыз. Сондай-ақ, әріптестерім өкпелемесін, кейбір кеңеске бірнеше рет келмеген мүшелерді құрамнан шығарып, қоғамдағы белсенді азаматтарды қосу керек және Ішкі саясаттан мүше болған үш адамның біреуін, яғни, басшысын ғана қалдырған дұрыс сияқты. Тағы бір айта кететін мәселе – қазір біз жиналысты кешкі сағат 6-да паркке барып өткіземіз. Басқа жиналатын жеріміз жоқ. Бұрынғы әкімнен де бір бөлме сұрағанбыз және өздерінің де жиналысқа қатысуын өтіндік, бірақ мәселені шеше алмады», - дейді Қоғамдық кеңес мүшесі Жанысбек Тұрсынәліұлы.

Сонымен қатар, спорт, мәдениет және ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер талқыланған кеңесте Өтеген Жанысбек қала әкіміне өзінің орынбасарларының, аудан әкімдерінің көптеген мәселемен айналыспай, шешпей жатқанын және соның кесірінен әкімнің халыққа есеп беруінде мыңдаған адамдар шағым жасайтынын жеткізді.

Айта кетейік, осының алдында қала әкімінің қатысуымен Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткен болатын.