ШЫМКЕНТ: Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы 170 мың теңге

0
3 154

Шымкентте жаңа автопарк ашылып, 300 қоғамдық көлік әкелінді.


ШЫМКЕНТ: Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы 170 мың теңге

Шымкентте қоғамдық көліктер 2020 жылдың қаңтар айынан бастап "Оңай" электронды жүйесіне өтетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкентте "Қала күні" аясында 300 автобус қолданысқа берілді. Аталған қоғамдық көліктер "Сарыарқаавтопром" компаниясы арқылы Қазақстанда жинақталған. Бұл қоғамдық көліктердің 2 жылдық кепілдемесі бар.

Жаңадан ашылған автопаркте көліктерді толық жөндеу жұмыстарынан өткізетін қызмет орталығы жұмыс жасайтын болады. Онда көліктерге барлық жағдайлар қарастырылған.

Қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты таңғы 6:00-ден 23:00-ге дейін. Әсіресе теміржол вокзалы мен әуежай арасында қатынайтын бағыттар таңдалынып отыр. Бұл бағыттар әуе және темір жол рейстерінің уақытымен сәйкестендіріліп жүргізілетін болады.

«Батыс елдерінің тәжірибесін ала отырып 1 шілдеден бастап «Shymkent BUS» арнайы мобильді қосымшасын іске қосамыз. Ол жерде автобустардың бағыттарын бақылай алатын боласыздар. Желтоқсан-қаңтар айларында «Оңай» жүйесіне кіреді. Бізде "Алматы Транспорт холдингі" компаниясымен екі жақты келісімшарт бар. Осы компаниямен бірлесе «Оңай» жүйесін енгіземіз. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап толық электронды қызмет жүйесіне көшеріледі», - деді "Shymkent" ӘКК АҚ-нің басқарма төрағасы Рашид Аюпов.

Әкелінген автобустардың барлығына сақтандыру жүйесі қарастырылған. Бүгінде автопаркте жүргізушілерге барлық жағдай қарастырылып отыр. Онда жүргізушілер таңғы асын ішсе, тынығып демалатын жатақханасы да сонда орналасқан. Жолға шығарда олар толықтай медициналық тексерістен өтеді.

Сондай-ақ, Рашид Аюповтың айуынша, қала көшелерінде қоғамдық көліктер арасында апатты жағдайлар туындататын жарыстардың алдын алу мақсатында жүргізушілер жалақы жүйесімен жұмыс істейді. Жүргізушілердің жалақысы 170 мың теңге деп белгіленіп отыр.

"Сарыарқаавтопром" компаниясы жүргізушілерге де талап қойған. Олардың 10 жылдық тәжірбиесі болуы керек және де көлікті жүргізу барысында темекі шекпеулері тиіс. Сонымен қатар, жүргізушілерге аялдамада арбамен тұрған жолаушыны мінгізіп-түсіру міндеттелген.