ШЫМКЕНТ: Көкпар федерациясы жылды қорытындылады

0
517

Биылғы маусымда қала аумағында көкпарды жоғары деңгейде ұйымдастыру және оның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға федерацияның алғыс хаты және төреші куәлігі табысталды.


ШЫМКЕНТ: Көкпар федерациясы жылды қорытындылады
Шымкент қаласында төрешілер, шабандоздар мен атбегілер жиналып маусымда туындаған түйіткілді мәселелер бойынша өзара пікір алмасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының төңірегінде жайылым жер тапшылығына қарамай, ұлттық спортқа қызығушылардың қарасы қалың. Басқосуда Шымкент қаласы көкпар федерациясының төрағасы Нұрлан Тастеміров ұлттық ойындарымыз бүгінде өзінің мән-мағынасын жоғалтпай, қайта жаңарып жатқанын атап өтті.
Қаламызда қөкпар федерациясы өткен жылы құрылған болатын. Бүгінде оның құрамында сайланған 50-ге жуық төрешіге көкпар барысында тәртіпті қатаң сақтауды жүктеп отырмыз. Бұл төрешілер әділдікті қамтып қана қоймай, ұлттық спортың дамуына да үлес қосып отыр. Мәселен, көкпар беруші елді мекендер арасында «тек өзіміздің шабандоздар салым салсын» дейтіндер, салымға жүлде тіккен азаматтар өзінің туысқанын төреші етіп қоятын жағдайлар да болды. Мұндай әділетсіздіктің орын алуы жиілесе, халықтың көкпарға деген қызығушылығы төмендейді. Федерация сайлаған төрешілер ойында бекітілген ережеге сай өтуіне, дауларды болдырмау жолында қызмет етіп келеді, - деді федерация төрағасы.
Басқосу барысында биылғы маусымда көкпарды жоғары деңгейде ұйымдастыру және оның дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға федерацияның алғыс хаты және төреші куәлігі табысталды. Аталған куәлік тек қала аумағындағы көкпарға ғана емес, өзге өңірлерде төрелік етуіне жарайды.

Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.