ШЫМКЕНТ: «Көктем шапағаты» республикалық пікірсайысы аяқталды

0
537

Жалпы 128 пікірсайысшы бақ сынасты.


ШЫМКЕНТ: «Көктем шапағаты» республикалық пікірсайысы аяқталды

Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен «Болашақ» пікірсайыс орталығының 10 жылдығына арналған «Көктем шапағаты» республикалық дәстүрлі пікірсайыс турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған турнирдің мақсаты - Қазақстан Республикасының Президентінің Жолдауын жастарға насихаттау, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеу, университет имиджін көтеру, басқа жоғары оқу орындарымен байланыс орнату.
Пікірсайысқа Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облысы мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан және Түркия мемлекетінен жалпы 128 пікірсайысшы бақ сынасты.
Турнир дәстүрлі жоғары студенттер лигасы және 1 курс студенттерінен құралған жастар лигасы арасында өтті.
Сонымен қатар, биыл республикалық турнирде алғаш рет мектеп лигасы қатысты. Оған 40 фракциядан 80 оқушы сайысқа түсті.
Тартысты турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен қазақ тіліндегі үздік кітаптар сыйға берілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында Халықаралық балалар кітабы күніне орай, «Кітап – ғажайып әлем» атты кеш өтті. Аталған мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, балалар ақыны Дәркен Танабаев пен фантаст-жазушы Сарманбай Исақ және А. Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясы, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді. Мерекелік кеште мектеп оқушылары Дәркен Танабаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, ән мен күйден шашу шашты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиыннан жас оқырмандар мол мағлұмат жинап, рухани азық алып тарқасты. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.