​“Шымкент конькиі - 2023” республикалық турнирі басталды

0
509

Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.


​“Шымкент конькиі - 2023” республикалық турнирі басталды

“Шымкент конькиі - 2023” республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінің олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Олег Мельников мерекелік қойылыммен ашты. Түскі үзілістен кейін жасөспірім мәнерлеп сырғанаушылар турнирді жалғастырды.

Мұз сарайында өтіп жатқан респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысуда. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.

Төрт күнге жалғасатын республикалық сайыста мәнерлеп сырғанаушылар өз разрядтарын қорғамақ. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлының айтуынша, мұндай турнир бұқаралық спортты қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Спортшыларымызды кәсіби аренадағы үлкен додаларға дайындауда осындай спорттық сайыстың маңызы зор. Бүгінгі шараға көршілес елдерден де мәнерлеп сырғанаушылар келіп отыр. Спорттағы разрядттық санаттары мен жас ерекшеліктеріне сай мәнерлеп сырғанаушылар төрт күн бойы қазылар алқасына өз өнерлерін ұсынады,- деді Е.Дәрменов.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы атшабарда аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан, жалпы 202 спортшы келген.

Іс-шарада аударыспақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбөриев, Шымкент қаласы ұлттық және ат спорты түрлері клубының директоры Данияр Мыңбаев аталған сайыс алдағы халықаралық жарыстарға іріктеу екенін атап өтті.

Шымкенттегі жаңа атшабарда 9 салмақ бойынша аударыспақтан ел чемпиондары анықталмақ. Олар алдағы Азия чемпионаты және келесі жылы көшпенділер ойындарына қатысады. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты еліміздің барлық аймағында қарқынды дамып жатыр. Биылғы чемпионатқа қатысушылар арасында Азия чемпионаты, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары бар екенін айта кеткен жөн.