ШЫМКЕНТ: ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары көпір құрылысымен танысты

0
1 950

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бадам өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің жұмысымен танысты.


ШЫМКЕНТ: ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары көпір құрылысымен танысты

Шымкентке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракция мүшелері Дархан Мыңбай, Әбдіманап Бектұрғанов, Сәкен Қаныбеков, Уәлихан Қайназаров, Фахриддин Қаратаев келіп «Құтты мекен» жобасының іске асырылу барысын тексерді.

Аталған «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында Бадам өзенінің үстінен салынып жатқан көпірдің жұмысымен халық қалаулары танысты.

"Бұл көпірдің ең басты шешілмей тұрған мәселесі қаржыландыру мәселесі, яғни аяғына дейін шешілмеген деп жатыр мердігерлер. Бірақ мен ойлаймын олардың уәдесі бойынша жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жатыр. Болашақта бұл көпірдің маңызы арта береді деп ойлаймын. Өйткені қаладағы көліктердің кептелісін болдырмау үшін, екі елдің арасындағы байланысты нығайту үшін маңызды көпір болмақ", дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

Аталған көпір Қонаев гүлзарының жалғасы ретінде жүзеге асып жатқан жоба. Жалпы жобаның жүзеге асуы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 3-ші кезеңнің жұмыстары атқарылып жатыр.

"Көпір құрылысының жалпы құны 1 млрд 200 млн теңге. Бүгінгі таңда көпір құрылысына 200 млн теңге қаралған. Келесі бюджеттің қаралу сессиясында қосымша қаржылар қосылатын болады", деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Абай Тұрханов.