ШЫМКЕНТ: Құрбысының ұлын емдемек болған дәрігердің екпесі адам өліміне әкеліп соққан

0
887

40 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігерге сот үкім шығарды.


ШЫМКЕНТ: Құрбысының ұлын емдемек болған дәрігердің екпесі адам өліміне әкеліп соққан

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте 40 жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар дәрігер сотта жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі жекеменшік клиникалардың бірінде терапевт болып жұмыс істеген дәрігер Абай аудандық сотының үкімімен 2,5 жылға шартты түрде жазаға кесілді. Айыпты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін пробациялық бақылауға алынады және үш жылға дейін медициналық көмек көрсету құқығынан айрылған. Ал, баланың анасының моральдық шығынын өтеу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылған. Марқұм болған жігіттің анасы мен сотталушы дәрігер 40 жылдан астам уақыт дос-құрбы болған көрінеді.

Сондай-ақ, басты сот талқылауы барысында сотталушы өз кінәсін ішінара мойындаған және қайтыс болған жігітті бұған дейін де обструктивті бронхит диагнозымен емдеп, нәтижесінде науқастың жағдайы дұрысталғанын сот отырысында алға тартқан.

Тағы бір айта кетерлігі, Швецияда жұмыс істеген марқұм жігіт ол жақта да ұзақ уақыт бойы ауа жетпей, жөтел қысатын болған және елге келген соң, жекеменшік клиникадағы анасының құрбысына қаралу үшін тағы да қабылдауға барып, нәтижелі болған алдыңғы ем-домын жасауды сұраған. Алайда, екпеден соң тынысы тарылып, жағдайы күрт нашарлаған және шақыртылған жедел жәрдем қызметі де ер адамды аман алып қала алмаған. Алғашында, ұлынан айырылып қалған ана ешқандай шағымы жоқ екенін айтқанымен, кейін емдеймін деп өлтіріп алған құрбысын да, жекеменшік клиниканы да сотқа берген. Арнайы тексеру нәтижесінде жекеменшік клиниканың жұмысынан заңсыздықтар анықталмаған.

Енді, сот үкімімен 64 жастағы зейнеткер дәрігер мен жекеменшік клиника жәбірленуші тарапқа 3 000 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.