Шымкент: "Сапалы жол" жобасы аясында 72 бұзушылық анықталды

0
1 077

9 лауазымды тұлға кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.


Шымкент:

Бүгінде қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті жалпы сомасы 60 млрд. теңгеге жуық 30 жоба сүйемелдеуге алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба аясында мүдделі инвесторларға сыбайлас жемқорлық көріністерінен 100% қорғауға кепілдік беріледі. Өткен жылдың өзінде, бизнесті қорғау аясында 40 шақты шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің құқықтарын қалпына келтіруге қол жеткізген. Нәтижесінде 9 лауазымды тұлға кәсіпкерлерге заңсыз қысым көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

"Жол құрылысы сапасын қамтамасыз ету және осы салаларда жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Ұлттық жол активтері сапасының ұлттық орталығымен» бірге «Сапалы жол» жобасы жүзеге асырылды. Біздің міндетіміз – қоғаммен бірлесіп, жол құрылысына тұрақты мониторинг жүргізу болып табылады. Осы жоба іске асырылған сәттен бастап, 72 бұзушылық анықталған. Оның 68-і мердігер ұйымдармен жойылды." , - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев.

Нақтырақ айтсақ, «Қорғас-Алматы-Шымкент» автомобиль жолының, Бадам өзені арқылы өтетін Оңтүстік айналма автожолы, Қазығұрт ауданында, Самал-3 мөлтек ауданындағы Мұғалжар және Жәнібек хан көшелерінің құрылысы сапасына мониторинг жүргізілген.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен «Еріктілер жылы» аясында «ADAL KÓMEK» жобасы іске қосылды. Аталған жобаның мақсаты - азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сонымен қатар өмірлік маңызды мәселелерді шешу үшін халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына құқықтық көмек көрсету болып табылады.

"Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау институты заңнамалық деңгейде бекітілген. Және мемлекеттік органдар оны өздері жүргізуі тиіс. Өкінішке қарай, өткен жылы барлық 56 мемлекеттік органдардың ішінде ішкі талдауды тек 10-ы ғана жүргізген. Оның 6-ы әкімдік ведомствалық бағынышты мекемелер болып табылады. Бұл басшылардың өздеріне сеніп тапсырылған ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық ты жоюға мүдделі еместігін көрсетіп отыр." - деді Талғар Серікбаев.