ШЫМКЕНТ: «Жас сарбаздар» ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесті

0
3 632

Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 800-ден астам әскери-патриоттық клубтар мен 10-ға тарта «Жас сарбаз» әскери сыныптары ашылған.


ШЫМКЕНТ: «Жас сарбаздар» ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесті

Шымкент қаласында «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбының жеткіншектері ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласындағы №80 мектеп-лицейінде мамандандырылған «Жас сарбаз» сыныбының тәрбиеленушілері ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесуі өтті.


Аталған шарада алдымен жас сарбаздар саптық жүріс пен пәрмендерді орындап, алып жатқан білімдерін көрсетті. Содан кейін әскери сыныпта «Қаруды бұзып, жинау» жаттығуын жасап, ардагерлердің әскери өмір туралы әңгімелерін тыңдады.


Кездесу барысында ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Әжімұқан Шынтаев:

«Жас сарбаз сыныбын бітірген барлық оқушылар әскери оқу орындарына түсіп, Қазақстанның Қарулы Күштерінің сапын толықтыратынына сенемін. Бүгінгі жас сарбаз – Қарулы Күштеріміздің ертеңгі болашағы», - деп сенімі мол екенін жеткізді.


Сондай-ақ, әскери сынып туралы 2-бөлімше командирі, жас сарбаз Меделхан Бексұлтан:

«Мен бұл әскери «Жас сарбаз» сыныбынан көп нәрсе үйрендім. Біз түсте сабақ біткеннен кейін сыныпқа келіп, саптық жүріс жаттығуларын, атыс дайындықтарын және қару қолдануды үйренеміз. Бірақ бұл сыныпқа қабылдану оңай болған жоқ. Ол үшін 1 жыл спорттық үйірмеге барып, дайындалдым. Менің әкем әскери қызметкер, мен де сол жолды жалғастырғым келеді», - дейді.


Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Халқына жолдауында әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуға көңіл бөлген болатын. Осыған орай, 2018 жылы 11 қазанда еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара меморандум түзіліп, бүгінде игі бастама өз жемісін беріп отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 800-ден астам әскери-патриоттық клубтар мен 10-ға тарта «Жас сарбаз» әскери сыныптары ашылған.