«Шымкент жастар лигасы»: Баскетболдан ширек финал басталды

0
835

Биылғы жеңімпаздарды да үлкен жүлделер күтіп тұр.


«Шымкент жастар лигасы»: Баскетболдан ширек финал басталды

«Шымкент жастар лигасы» биыл үшінші жыл дәстүрлі түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мектеп оқушылары волейбол, шахмат, футбол, баскетболдан сынға түсуде. Солардың ішінде бүгін баскетболдан ширек финал басталды.

– Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және ел чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылған. Былтырғы жылы жеңімпаз командаға автобус сыйға берілді. Биылғы жеңімпаздарды да үлкен жүлделер күтіп тұр, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаев.
Ойын нәтижесі бойынша, №55 жалпы орта білім беретін мектеп, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, Қ.Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейі және Назарбаев Зияткерлік мектептері ширек финалда бақ сынасты.
Осы жарысқа бар күшімізді салып дайындалдық. Баскетболға 4 сыныптан бастап қызығып, сол уақыттан бері осы спорт түрімен айналысамын. Жарыс жастардың спортқа деген ынта-жігерін арттырмаса, кемітпейді. Осындай ойындар жиі болса, жастардың арасынан іріктеліп, республикалық деңгейге жететін командалар пайда болады. Сондықтан спорттық жарысты ұйымдастырған қала әкіміне және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Ойын тартысты өтті, – дейді №55 жалпы орта білім беретін мектебінің 11 ә сынып оқушысы Дәулет Әлмұқанов.

Айта кетейік, «Шымкент жастар лигасы» жобасы аясында қаламыздың жалпы орта білім беру мекемелері арасында «Фан-клуб спорт би» сайысының финалдық кезеңі өтті. Аталған жобада Шымкент қаласынан 6 000-ға жуық жас «Фан клуб» мүшесі ретінде өнер көрсетіп келеді. Бұл жоба мектептер арасындағы достықты, ынтымақтастықты нығайту, жастардың бұқаралық спортқа деген белсенділігін арттыру мақсатында өтіп жатыр. Қаладағы 151 мектеп арасында сайыс ұйымдастырылып, финалдық кезеңге 24 команда өтті. Жас спортшыларымыз тынбай еңбек етіп, әлемдік деңгейде Қазақстанды танытуда. Команда бишілері спорттық және акробатикалық жаттығудан сайысқа түсті. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге №84 жалпы орта мектебі лайық деп танылды. Ал, І орынды – Т.Рұсқұлов атындағы №25 мектеп гимназиясы алса, ІІ орын – Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне бұйырды. ІІІ орынға О.Жандосов атындағы №30 жалпы орта мектебінің өнерлі жастары қол жеткізді. ⁣