ШЫМКЕНТ: Жұма намазын жамағат болып оқуға рұқсат берілді

0
2 961

Мешітке келушілер міндетті түрде бетперде тағуы қажет.


ШЫМКЕНТ: Жұма намазын жамағат болып оқуға рұқсат берілді

Шымкент қаласында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып бес уақыт және жұма намазын жамағат болып оқуға рұқсат берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының бас имамы Б.Әбдірахманов және бас имам орынбасары М.Естеміровтың қатысуымен мешіттерде жұма намазын оқу бойынша баспасөз брифингте айтылды.

Бас имамның айтуынша, қалаға қарасты мешіттерде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып бес уақыт және жұма намазын жамағат болып оқуға рұқсат берілді.

Барлық мешітке келуші азаматтар ҚМДБ тарапынан бекітілген талаптарды толық орындауы керек. Сонымен қоса ҚР Бас санитарлық дәрігердің бекіткен қаулы талаптарын сақтауы қажет.
Брифинг барысында имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров жұма намазын өтеу үшін мешітке келушілерге арналған талаптарды атап өтті.
Еліміздегі карантин талаптарына сәйкес мешітке келушілер намаздан соң қол беріп амандасуға болмайды. Оның орнына қолыңызды жүрек тұсына қойып, ишара жасаса жеткілікті. Сонымен қатар дене қызуы 37-ден жоғары, тұмау және басқа да ауру белгілері бар азаматтар мешітке келмегені дұрыс, – деді М.Естеміров.
Бұрынғыдай жұма намазы алдында жарты сағат уағыз-насихат айтылмайды. Тек жұма құтбасы мен парызы өте қысқа сүрелер мен аяттар оқу арқылы жүзеге асырылады. Және жұма намазынан кейін тәсбі және құран аяттары оқылмайды. Сақтық шаралар негізінде жұмадан кейін оқылатын 4 ракат сүннетті үйде оқығаны абзал.