Шымкентке «Айка» келді

0
1 680

Шымкентте режиссер Сергей Дворцевой түсірген "Айка" фильмінің премьерасы болып өтті.


Шымкентке «Айка» келді

Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі шымкенттіктердің назарына ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Естеріңізде болса, Кан кинофестивалінде қазақстандық актриса Самал Еслямоваға «Үздік әйел рөлі» атағын әперген осы кинотуынды болатын. Бәлкім сол себепті, әйтеуір фильмнің Шымкенттегі тұсаукесеріне жиналғандардың қарасы көп болды. Тіпті, кинозалда ине шаншар орын болмады десек, артық айтқандық болмас.

Кино басталардан бұрын режиссер мен басты рөлді сомдаушы Самал Еслямованы әдеттегідей әкімдік өкілдері ортаға шығарып жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Сергей Дворцевой, «Айканың» жеңіл кино немесе сериал емес, формасы ауыр фильм екенін көпке алдын-ала айтып ескертті. Тіпті, психологиялық тұрғыда дайындады десек те болатын шығар.

Кинотуындының Мәскеуге жұмыс іздеп барған қырғыз қызы туралы екендігі баршағызға аян. Фильмнің желісі жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жатыр. Сондықтан оған тоқталу артықтық болар.

Бізге қызық болғаны, фильмге деген шымкенттіктердің көзқарасы, алған әсері. Киноны тамашалаған көрермен екұдай сезімде болғанын айта кеткен жөн. Барлығы жылы қабылдады дей алмаймыз. Өйткені, көрсетілімнен кейін жиналғандар тарапынан режиссерға қойылған сұрақтар аз болмады.

Тіпті, бір әйел кісі фильм режиссеріне «Сіз неге әйелдерді соншама жақтырмайсыз?» деген де сұрақ қойылыпты. Десе де, жас кинорежиссер Сәбит Әбді Сергей Дворцевойдың кинотуындысын жоғары бағалады.

«Фильмді алғаш көргеннен кейін бір жарым күн осы киноның ықпалында жүрдім. Санамды төңкеріп тастады. Режиссерлық қойылым, актерлық ойын және операторлық жұмыстың барлығы да жоғары деңгейде қойылған. Сценарийде оқиғаны жеткізу мәнері өте орынды қойылған. Негізі ана мен бала арасындағы махаббат туралы да. Бірақ оны ауыр формада жеткізген. Алайда, өзі сондай нәзік тақырып. Фильмді көре отырып, өзің сол Айканың күйін кешіп отырасың. Күлсе қуанасың, қиналса қынжыласың. Бұл режиссердың шеберлігі», - дейді ол.

Фильмде Мәскеу келімсектердің көзімен қарағандағы қыры көрсетілген. Жалпы Мәскеуге жан-жақты қарауға болатынын айтады режиссер. Дегенмен, Ресей астанасында білім алған Самал өмірде мұндай жағдайлармен кездеспегенін және онда Қазақстаннан барғандардың денінің жағдайы әлде-қайда жақсы екенін жеткізді.