Шымкентте 10 жылдан бері бала көтере алмай жүрген әйел үшем босанды

0
602

Үшемнің анасы тұңғышын 2010 жылы туған.


Шымкентте 10 жылдан бері бала көтере алмай жүрген әйел үшем босанды

Шымкент қаласында 10 жылдан бері бала сүйе алмай жүрген келіншек үшем босанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Үшем Шымкент қалалық перинаталдық орталықта өмірге келді.
Қала тұрғыны Мелдешова Жанна жүктіліктің 34-аптасында Айым, Рахат, Аяла, есімді сәбилерді дүниеге әкелді. Шақалақтар 28 шілде күні туған. Анасы мен балалардың қазіргі денсаулығы жақсы.
Үшемнің анасы тұңғышын 2010 жылы туған. Сол уақыттан бері денсаулығы сыр беріп, жүкті болуды ұзақ жылдар бойы жоспарлап жүріпті. Осылайша ерлі-зайыптылардың он жылдан бері бала сүйгісі келген армандары орындалып, бірден үш перзентті дүниеге әкелді.
Мерзімінен бұрын толғағы басталған жүкті келіншек пен үш шақалақтың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер кесарь тілігін жасап, операция арқылы сәтті босандырып алды. Дүниеге екі қыз, бір ұл бала келді. Барлығының да салмағы екі келіден асады дейді мамандар.
Үшемдерге перинаталдық орталықтың неонатологтары ерекше күтім жасады. Білікті медицина мамандарының қарауында болған шақалақтардың бір апта ішінде денсаулықтары оңалып, анасымен бірге үйіне шығарылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 19 797 сәби дүние есігін ашқан. Олардың 135-і егіз болса, төртеуі үшем.