Шымкентте 15 жастағы баланы атып кеткендер ұсталды

0
628

Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды.


Шымкентте 15 жастағы баланы атып кеткендер ұсталды

Шымкентте үш жігіт 15 жастағы жасөспірімді атып қашып кеткен. Оқ баланың оң көзін зақымдаған. Кәмелетке толмаған баланы түн жарымда мылтықпен атып табанын жалтыратқандар құрықталды. Қазір күдіктілер қамауға алынды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Железнодорожная көшесінде орналасқан өз үйінде 2004 жылы туған баланы мылтықпен атып кеткен. Оқиға 2 қазан күні түнгі сағат 2-лер шамасында болған. Оқ бас жағына тиген 15 жастағы баланы жедел жәрдем қызметі Шымкенттегі Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізген.

"Дәрігерлер тарапынан компьютерлік-томографиялық тексеру жүргізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Қазір науқастың жағдайы орташа қалыпта. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оң жақ көзі зақымданған. Қазір отаны осында ма әлде Алматыда орналасқан Қазақ ұлттық көз ауруларын зерттеу институтында жасау керек пе осы мәселе қарастырылып жатыр,"-деп мәлімдеді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жасөспірімді атып қашып кеткен үшеу де көп ұзамай қолға түскен. Қазір олар қамауда. Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Арнайы сараптамалар тағайындалған. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

"2019 жылдың 1 қазанынан 2 қазанға қараған түні үй ауласына кіріп, анықталмаған қарудан осы үйде тұратын кәмелет жасына толмаған жасөспірімге қарай оқ атылған.
Полиция қызметкерлерімен аталған жайт СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 24-бабы 4-бөлігі - 99-бабы 2-бөлігі 7,14-тармақтары (адам өлтіруге оқталу) бойынша тіркелді.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда,"
- деп хабарлайды Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.