Шымкентте 20-дан астам білім беру мекемесіне тексеру жұмыстары жүргізілді

0
203

Барлық мекеме басшыларына кемшілікті жою үшін міндетті нұсқама берілген.


Шымкентте 20-дан астам білім беру мекемесіне тексеру жұмыстары жүргізілді

Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Онда Нұргүл Ақылбекқызы департамент тарапынан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Департаменттің жұмысын 4 негізгі бағытқа топтастыруға болады. Олар: білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылау шараларын жүргізу (жоспарлы және жоспардан тыс білім беру объектілеріне бармай және бару арқылы профилактикалық тексеру), педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау, білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия және лицензияға қосымша беру, сондай-ақ, білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою, – деді Н.Шәмшиева.
Спикердің сөзінше, бірінші бағыт бойынша Департамент тарапынан осы жылдың ақпан-мамыр айларында өңірдегі білім басқармасына қарасты 21 мектеп және 1 колледжге профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 22 мекемеде жалпы 181, оның ішінде 74 өрескел, 35 елеулі, 72 болмашы бұзушылық анықталған. Бұл кемшіліктердің көпшілігі, яғни, 148-і мекеме басшылары тарапынан болған. Ал жергілікті атқарушы органдар тарапынан 33 кемшілік жіберілгені анықталған. Барлық мекеме басшыларына кемшілікті жою үшін міндетті нұсқама берілген.
Сонымен қатар, ҚР БҒМ-і 2021 жылдан бастап Департаментке (ІІа) балалардың құқықтарын қорғау функциясын жүктеді. ҚР Білім және ғылым министрінің осы жылдың 2 сәуірдегі №142 «Баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша республикалық мониторингтік топ құру туралы» бұйрығына сәйкес барлық өңірде мониторингтік топтар құрылды. Өңірлік мониторингтік топтың құрамына білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандару басқармалары мен Полиция Департаменті, бала құқықтары мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ-ның өкілдері кірді.
Айта кетейік, білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия және лицензияға қосымшаны алу, қайта ресімдеу бойынша осы жылдың 1 жартыжылдығында 180 өтініш түскен. Оның 65-і қанағаттандырылып, 115-і бойынша бас тартылған. Ал Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша есепті кезеңде 172 өтініш түскен. Оның 161-і қанағаттандырылып, 11-нен бас тартылған.