Шымкентте 200-ден аса отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды

0
486

Биылғы жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй көмегіне 33 миллион теңге қаржы қаралған.


Шымкентте 200-ден аса отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды

Шымкент қаласында 200-ден аса отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға мемлекеттен тұрғын үй көмегі қарастырылған. Биылғы жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй көмегіне 33 миллион теңге қаржы бөлініп, 450 отбасыға төлеу жоспарланған. Жыл басынан бері 208 отбасыға тұрғын үй көмегі тағайындалды.
Көмек түрін алудың өзіндік шарттары бар. Тұрғын үй көмегіне үміткер меншік иесі болуы керек және меншігінде бір үйден (пәтер) артық баспана болмауы қажет. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш тиісті құжаттармен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе «e-gov» порталы арқылы қабылданады.
Талап етілетін құжаттар:
1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);
2) жұмыс орнынан жұмысқа орналасқаны бойынша бұйрық немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;
3) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
4) банктік шот;
5) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған түбіртектер; (өтініш білдірген тоқсанның алдындағы түбіртектер).
6) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
7) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот және жалға алған тұрғын жайдың келісім шартының көшірмесі.
Қосымша ақпаратты төмендегі мекен-жайдан немесе көрсетілген телефон нөмірлері арқылы алуға болады.
Мекен жайы: Шымкент қаласы, Нұрсәт шағынауданы, Бәйтереков көшесі, 89 үй, (29 кабинет). Байланыс телефон нөмірлері: 8 (7252) 27-71-29 , +77058687255.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге арналған жаңа «Қамқор» бағдарламасы маусым айында басталу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Отбасы банкі өтінім беру жүйесін аяқтауға жақын. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегіне тіркеле алмайтын сала мамандарына арналған. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы Банкі. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеден өткізу балдық жүйе арқылы есептеледі.