Шымкентте 2,6 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асады

0
507

Нәтижесінде 20 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ.


Шымкентте 2,6 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асады

Шымкент қаласында инвестиция тартуға арналған бес жылдық жоспар бекітіліп, оның аясында 2,6 трлн. теңге болатын 282 жобаны іске асыру көзделген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нәтижесінде 20 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Ағымдағы жылдың 11 айында қалаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға артып, 392,4 млрд. теңгеден асты», - деді М.Әйтенов.
Қала басшысы шаһар бюджетінің көлемі мегаполис болғалы 4 есеге артқанын атап өтті. Ағымдағы жылдың басында қаланың бекітілген бюджеті 388 млрд. теңге болса, қазір оның көлемі 497 млрд. теңгеге жеткен немесе бір жылдың ішінде бюджет қоры 109 млрд. теңгеге ұлғайған. Қаржылық қордың 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталса, 25 пайызы даму жобаларына бөлінген.

Бюджет қаражатын ұлғайту арқылы қаладағы біршама өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз етуде Мемлекет басшысы ұсынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы жақсы тәжірибеге айналған. «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру аясында биылғы жылы 66 жобаға 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын тауып, Президент тапсырмасына сәйкес абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бюджетіндегі «халық қатысатын» үлес 10 есеге артпақ.