Шымкентте 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға беріледі

0
915

7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысаның 42%-ы дайын.


Шымкентте 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға беріледі

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар оқу ордаларының құрылыс жұмысын тексерді. Солардың бірі - былтыр құрылысы басталған "Нұрсәт" ықшам ауданындағы оқушылар сарайы, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жобаны салудағы мақсат - оқушыларды сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде сабақ өткізуге және педагогтардың, ата-аналар мен балалардың тәрбие саласындағы өзара іс-қимылына жағдай жасау, балалар тұлғасының шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени әлеуетін дамыту.

7-18 жас аралығындағы 500 оқушыға шақталған нысаның 42%-ы дайын.

Ғимарат 3 қабатты, 3 блоктан тұрады. Бұдан бөлек 81 көлікке арналған көлік тұрағы және 35 адамдық асханасы болады.

Нысанның құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланған.

Шаһар басшысы “Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі”, сондықтан оқушыларымыздың жеке жобаларымен, шығармашылықпен және спортпен айналысатын өз ордасы болуы керек”, - дей келе, жауапты мамандарға нысанды жоспарға сай уақытында аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал орын тапшылығы 2025 жылға дейін толығымен шешіледі.

Шымкент қаласында сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орындық 101 мектеп салынады.

Қалалық білім басқармасының дерегінше, 2021 жылы 11 064 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға тапсырылған. Оның ішінде 4 мектеп мемлекеттік, 21 мектеп жекеменшік. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді.

Мектептердің жөндеу жұмысына тоқталсақ, бүгінгі таңда қалада жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 12 990 орынға арналған 4 мемлекеттік 13 жекеменшік мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр.