Шымкентте 70 мыңнан астам азамат салық төлемей жалтарып жүр

0
689

Cоның салдарынан қала қазынасы бір ғана автокөлік салығының өзінен 2 миллиард теңгеге жуық кірістен қағылып отыр.


Шымкентте 70 мыңнан астам азамат салық төлемей жалтарып жүр

Шымкент қаласында бүгінгі таңда 70 мыңнан астам азамат салық төлемей жалтарып жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Cоның салдарынан қала қазынасы бір ғана автокөлік салығының өзінен 2 миллиард теңгеге жуық кірістен қағылып отыр. Борышкерлердің арасында тіпті 3-4 жылдан бері мемлекетке бір тиын салық төлемегендері де бар. Қордаланған қарыздарды өндіру мақсатында шаһарда арнайы рейдтік тексерістер басталды.

Шымкент көшелерінде жүйіткіп жүрген автокөліктердің әрбір оныншысы жол полицейлерінің құрығына ілігуде. Автоураган қондырығысы салықтан сытылып кеткісі келгендерді ақпараттық база арқылы бірден анықтап беруде. Борышкерлердің оған қарсы айтар уәжі әртүрлі. Біреуіне уақыт тапшы. Енді бірінің есінен шығып кеткен.
Екі жылғы налог 12 мың теңгеге жеткен. Араларында көлік мінгенімен оның салығын төлеуге қаржым жоқ деп мүсәпір кейіп танытқандар да кездеседі.
Бүгінгі таңда сот орындаушылары 17 мың азаматтан салық берешегін, тағы 34 мың тұлғадан айыппұл өндіруі қажет.

- Бір күннің ішінде 1 миллион 300 мың теңге автокөлік бойынша салық мемлекет пайдасына өндірілді. Және борышкерлердің 2 автокөлігі айып тұрғына қойылды.Шымкент қаласы бойынша салық департаментінде 187 мың автокөлік тіркелген. Оның 15% әлі күнге өткен жылғы салығынан құтылмаған. Араларында жылдап қарыз болып келе жатқандары да бар, - дейді жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Нұрғали Құттыбаев.