Шымкентте 700-ден аса медицина қызметкері вакцина​ салдырды

0
2 680

Қалада ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша толығымен дайындық жұмыстары жүргізілді.


Шымкентте 700-ден аса медицина қызметкері вакцина​ салдырды
Шымкент қаласында ұйымдастырылған егу бөлмелерінде алғашқы 9 күнде коронавирус инфекциясына қарсы 705 медицина қызметкері вакцина салдырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жөнінде бүгін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

- Вакцинация ерікті түрде жасалуда. Міндетті түрде вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқтар жіберіледі. Екпе аларға дейін дәрігердің міндетті тексеруі жүргізіледі. Дәрігер вакциналаудан кейін мүмкін болатын жанама әсерлері туралы ескертіп, жадынама беруде. Вакцинация алғандарға медициналық бақылау талапқа сәйкес ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына қарсы екпе егілген азаматтардың денсаулығы қанағаттанарлық. Вакцинацияланғандар арасында екпеден кейін асқынулар тіркелмеді, - деді қаланың бас дәрігері.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызынан 2021 жылдың 12 ақпанына дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 5 984 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 3054 симптомды, 2930 симптомсыз. Емделіп шыққандар саны – 5 448, қайтыс болғандар - 94.


Бүгінгі күні қалада 1 060 төсек – орын бар, оның 889-ы бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 171 науқас ем қабылдауда немесе толымдылығы 16% құрайды (оның ішінде КВИ 38,ЖРВИ 108, пневмония 25,карантиндік 0). Қалада ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий (А,В,С) бойынша толығымен дайындық жұмыстары жүргізілген.