Шымкентте 840 үкіметтік емес ұйым бар

0
674

Шымкентте 840 ҮЕҰ бар болса, соның 100-ге жуығы ғана белсенді. 33 ұйым Азаматтық Альянс құрамында.


Шымкентте 840 үкіметтік емес ұйым бар

Шымкентте «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы. «Birgemiz» атты ІІ #Азаматтық форумы өтті. Жиында азаматтық секторға қатысты көптеген түйткілдер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Бұл форумның маңызы неде?» деген сауалға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өз ойын білдірді.
– Кеңес үкіметі күйреген кезде мемлекет кәсіпкерлікпен айналысатын функцияны кәсіпкерлерге берді. Мемлекет жақсы менеджер емес екенін мойындады. Мемлекет қонақүй, мейрамхана салумен айналыспайды. Мемлекет өзінің әлеуметтік жауапкершілігін ақырындап азаматтық секторға беріп жатыр. Түбінде мемлекеттің көптеген функциясын азаматтық сектор атқарады.
Шымкентте 840 ҮЕҰ бар болса, соның 100-ге жуығы ғана белсенді. Азаматтық Альянспен тығыз жұмыс істеп отырғаны 33 екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып Азаматтық Альянстың төңірегіне топтассаңыздар, сіздердің дауыстарыңыз да дүркіреп, жететін жерге жетіп жатады, - деді Ш. Мұқан.

Оның айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігі ҮЕҰ барынша қолдап отыр. Қоғамдық кеңестің 60 %-ы азаматтық сектор мүшелері. Қарап тұрсақ, бұл – үлкен тетік. 2020 жылы 8 лот бойынша 75 млн теңге қаржы қаралыпты. Соның бірі – шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйрететін «Интеллектуалды ұлт» жобасы. Қазіргі таңда 134 мектепте 84 000 оқушы аптасына 1 рет шахмат пәнін оқиды. Міне, осындай жобалар халыққа өте қажет. Азаматтық сектор – халықтың мұң-мұқтажын қорғайтын алтын көпір.

Шымкентте өткен «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты ІІ Азаматтық форумының негізгі міндеттері туралы қалалық «Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Жұмағали Білісбеков сөз қозғады.
– Еліміздің қоғам белсенділерін біріктіретін ауқымды іс шарареспубликаның барлық аймақтарында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Азаматтық қоғамдық дамытудың Тұжырымдамасын іске асыру үшін Ұлттық жоспар құру, белсенді қоғам мүшелерін қалыптастыру, қоғамдық бақылау мен шынайы мүмкіндіктер, ҮЕҰ-дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, белсенділердің жұмыс сапасын арттыру – форумның негізгі міндеті, - деді жиынды жүргізіп отырған Жұмағали Дәулетбекұлы.
Ал «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Бану Нұрғазиева қоғамдық ұйымдардың ішінде туризм бағытын дамытуға қатысты жобалардың жоқтығын алға тартты.
- Әсіресе, шұғылалы Шымкентте ішкі туризмді дамытуға себептер жетіп артылады. Шымкенттік гастро-тур, жылы ауа-райы, табиғатта демалу, қаланың жайлы алаңдары мен саябақтары, қонақжай және ақкөңіл тұрғындары үшінші мегаполисте туризмді дамытуға тамаша серпін берері сөзсіз, - деді форумға Елордадан арнайы келген Б.Нұрғазиева.

Форум соңында Шымкент қаласын дамытуға үлес қосқан үкіметтік емес ұйым өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.