​Шымкентте «Абылайхан» кинофильмінің тұсаукесері өтті

0
682

Қазіргі таңда киноны көпшілік назарына ұсыну үшін келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.


​Шымкентте «Абылайхан» кинофильмінің тұсаукесері өтті

Шымкент қаласында «Абылайхан» кинофильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Абылайханға арналған бұл картина оның балалық шағы мен хан тағына қалай келгені туралы баяндайды.
"Абылайхан" фильмінің сценарийін Мұсабай Жорабек Төребайұлы жазған. Автордың айтуынша, кино Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» кітабы және Ілияс Есенберлиннің кітаптары негізінде жазылған екен.

Киноны түсіруге 1 жылға жуық уақыт кетіпті. Түсірілім негізінен үш қалада - Хиуа, Бұқара, Түркістан Шымкент қалаларында өткен.

Басты рөлді режиссердің өз баласы Мұсабай Сардар Жорабекұлы сомдады. Абылайханның бейнесін экран алдында айнытпай бейнелеу үшін актер 1 жылға жуық театрда білім алған. Кинодастанды түсіруге 100-ге жуық актер жұмылдырылған.

Қазіргі таңда киноны көпшілік назарына ұсыну үшін келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Аталған туынды өз елімізден бөлек Ташкент қаласына да жол тартпақ екен.

Кинофильмінің жабық көрсетіліміне зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кино көрсетілім соңында келушілер режиссердің туындысына өз бағаларын берді.

Туындының әзірге тек бірінші бөлімі ғана түсірілді. Алдағы уақытта киноның жалғасы түсірілмек.

«Бұл киноны түсіру үшін біраз іздендім. Түрлі кітаптарды оқып, өзімше қорытынды шығардым. Қарап тұрсам бізде тарихи кинолар көп емес екен. Мен өзім көбінесе заманауи кинолар түсіріп жүргенмін. Сомен, ұстазым ой тастап, тарихи кино түсіруіме ықпал жасады десем де болады. Басты рөлді өз ұлым сомдады. Өйткені 15-16 жасар жас актерлер жоқтың қасы. Ұлымды бір жыл бойы дайындадық. Театрға оқуға жібердім, белгілі тәлімгерлерден сабақ алды. Бұндай тарихи киноларды көбейту керек деп ойлаймын. Жастарға өз тарихын дәріптеуді үйретуіміз қажет", - деді Жорабек Төребайұлы