Шымкентте адам өлтірген қанды қол қылмыскер 10 жылға сотталды

0
1 949

Шымкентте 24 жасар жігітті пышақтап өлтірген қылмыскер 10 жылға сотталды. Алайда, марқұмның туыстары жазаны әлі де ауырлатуды сұрап отыр.


Шымкентте адам өлтірген қанды қол қылмыскер 10 жылға сотталды

Шымкент қаласында 24 жастағы жігітті пышақтап өлтіргені үшін сотталушыға қатысты сот үкімі шықты - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен 29 жастағы сотталушы Тахиржан 10 жылға темір торға тоғытылды.

Қанды оқиға өткен жылдың жаз мезгілінде, 24 маусым күні болған. Ағайынды Хусан мен Хасан Турдиевтер сол күні кешкісін Забадам елдімекенінде бір топ жігітпен кездесуге келген. Жанар жағармай құю стансасы маңына жиналған жігіттер арасында ерегіс басталып, жанжал шыққан. Кикілжің соңы қанмен аяқталған. 24 жастағы Хусан Турдиев сегіз жерден пышақталған. Қансыраған сыңарын Хасан ауруханаға жеткізгенімен Хусанды құтқару мүмкін болмаған. Алған ауыр дене жарақаттарынан 24-тегі жігіт ауруханада көз жұмған. Қанды оқиғаға күдікті ретінде екі адам қамауға алынған. Тағы екеуге "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған болатын. Сот тергеуі кезінде үшеудің кінәсі дәлелін таппаған. Сөйтіп сот үкімімен 24 маусымда 24 жастағы жігітті пышақтап өлтіргені үшін Тахиржан 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 1990 жылы туған сотталушы Тахиржан бұған дейін де Шымкенттегі кафедердің бірінде бұзақылық жасап, кісіге жеңіл дене жарақатын салғаны үшін сотты болған.
Айжан Медеубекова, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: « Хамытбеков Т. Б. ҚР ҚК-нің 99-бабы, 1-бөлімімен кінәлі деп танылсын. Оған осы баппен 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК -нің 64 бабы 5-бөлігіне сәйкес, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2016 жылдағы 25 қазандағы тағайындалған шартты түрде соттаудың күші жойылсын. ҚК-нің 63-бабымен 1-бөлігіне сәйкес, осы үкіммен тағайындалған жазаға Шымкент қаласының Абай аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазаның мерзімін ішінара қосып, сотталған Қамытбековке түкпілікті 10 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған».
Кісі қолынан қаза болған Хусанның туыстары сот үкімімен толық келіспейтіндігін айтады.

"Айыпталған төртеуінің үшеуі кінәсіз боп шықты. Сот үкімімен келіспеймін. Бұрын сотты болған адамға да жеңіл жаза тағайындалды. Небәрі бір ақ жыл қосылды. Қылмысты қайталап отыр, мұндай жағдайда 4 жыл қосылуы керек еді. Екінші бауырым Хасанымды ұрып соққандары ескерілмеді"- дейді марқұмның әпкесі Камала Турдиева.
24 жасында қапияда кісі қолынан көз жұмған Хусанның артында кәмелет жасына толмаған бүлдіршін қызы және асырауына алған тағы бір қыз бала қалды.

"Хусан інім мұқтаждарға қайырымдылық жасап жүретін жігіт еді. Оңалту орталығы мен балалар үйлеріне қолынан келген көмегін аямайтын. Бауырым үшін әділдік сұрап қайда барарымды да білмей қалдым. Апелляциялық шағым келтіргенмен нәтижесіне күмәнім бар"-дейді ашынған Камала Турдиева.

Өйткені, сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында да әділдік іздеп талай есікті тоздырып, табанынан тозған ол ҚР ІІМ нің қабылдауына дейін барғанын айтады. Алғашында күдікті ретінде тек Тахиржан қамалса, құзырлы органдарға қайта қайта шағымданып жүріп, тергеу барысында қалған үшеуі де қылмыстық жауап тартылатын болған көрінеді. Марқұм Хусанның әпкесі Камала осылай деп отыр. "Дәлел жеткілікті болса да таза шындық үстемдік құра алған жоқ"-деп күрсінді Камала Турдиева.