Шымкентте ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

0
875

Алдағы уақытта қала аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларға 4000 түп ағаш көшеттері егілетін болады.


Шымкентте ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласында ағаш көшеттері отырғызылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаһар басшысының қала аумағындағы жасыл желек көлемін ұлғайту тапсырмасына орай, көшелерге, аулалар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.

Атап айтқанда, Орталық, Абай, Тәуелсіздік саябақтарына және Чернобыль құрбандарын еске алу мен А.Асқаров атындағы дендрологиялық паркіне жалпы саны 250-дей туя, арша, жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызылып жатыр.

Алдағы уақытта қала аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларға 4000 түп ағаш көшеттері егілетін болады.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкент дендросаябағында кәсіпорынның гендік қорын көбейту мақсатында, интродуценттің 115 түрі егілген болатын. Қазіргі таңда саябақ аумағында 100,0 мыңнан астам ағаш-бұтаның 406 түрі өсіп тұр. Оның ішінде, Қазақстанның қызыл кітабына енген өрік, іле бөріқарақаты, кавказ таудағаны, зеравшан аршасы, недзвеция алмасы, сиверс алмасы, соғды шағаны атты 7 түрлі ағаш бар. Оған қоса сирек кездесетін 61 түрлі ағаш тіркелген.

Сонымен қатар, саябақ ішіндегі тұқымбақтың жалпы көлемі 1,5 га аумақты құрайды. Онда қазір 23 түрден 11392 дана көшет өсірілуде. Тұқымбақтың өзі екіге бөлінген. Негізгі тұқымбақта 2638 қылқан жапырақты, 3382 жәй жапырақты және 599 дана өзге көшет түрлері өсіп тұр.

Көшет түрлерін көбейту мақсатында өткен жылы 32 түрлі ағаш-бұта түрінен 228 кг тұқым негізгі тұқымбаққа себілген. Ардагерлер аллеясындағы тұқымбақта қылқан жапырақтылар мен жапырақты ағаштардың тұқымынан өсірілген 2-3 жылдық көшеттерді кездестіруге болады.

Гендік қорды көбейту және сақтап қалу үшін күз мезгілінде 0,03 га құрайтын жылыжай қалпына келтіріліп, тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмысы жүргізілді. 2020 жылы қаладағы әлеуметтік нысандарды абаттандыруға дендросаябақтан 5000-нан астам көшет берілген.