Шымкентте алдағы уақытта сапасыз тауарлар сатылымға шығарылмайды

0
719

Енгізілген мораториге қарамастан аталған Департаментке заң талаптарының сақталуына қатысты 12 жағдайда тексеру, профилактикалық бақылау және қадағалауды жүргізуге рұқсат етілген.


Шымкентте алдағы уақытта сапасыз тауарлар сатылымға шығарылмайды

Осы жылдың 9 айында Шымкент қаласы прокуратурасының Қаулысы негізінде жоспардан тыс 3 тексеру, 1 бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министірлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Бастар Есқараев мәлімдеді.

– Жүргізілген жоспардан тыс 3 тексеру нәтижесінде «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның заң бұзушылықтар негізінде сарапшы аудиторлардың аттестаттарын алты ай мерзімге тоқтатып, әкімшілік айыппұлдар салу жөнінде Қаулылар қабылданды. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген сарапшы-аудиторларға қатысты шара қабылдау үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетіне ақпараттық хат жолданды, – деді Бастар Әуелханұлы.

Спикердің сөзінше, бүгінде қалалық сәйкестікті растау саласында аккредиттелген 3 сәйкестікті растау мекемесі («Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ ОҚФ, «Туран Бизнес Групп» ЖШС және «Ел-Стандарт» ЖШС) 40 сынақ, 22 салыстырып тексеру, 3 калибрлеу және 2 медициналық зертхана жұмысын атқаруда.

Сонымен қатар, Бастар Есқараев мемлекеттің басты бағыты – адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаның қауіпсіздігі екенін атап өтті. Соған сәйкес, алдағы уақытта сапасыз тауарлар сатылымға шықпайтынын айтты.

Айта кетейік, енгізілген мораториге қарамастан аталған Департаментке заң талаптарының сақталуына қатысты 12 жағдайда тексеру, профилактикалық бақылау және қадағалауды жүргізуге рұқсат етілген.