Шымкентте «Аула чемпионаты» ойындары басталды

0
628

Жеңімпаздар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.


Шымкентте «Аула чемпионаты» ойындары басталды

Шымкент қаласында оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында аудандарда «Аула чемпионаты» ойындары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда қалада жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына барлық мүмкіндіктер жасалынған. Яғни, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары спорт алаңшаларымен қамтылған.

Атап айтқанда, бес аудан бойынша 373 спорт алаңшалары бар. Маусым айында солардың ішіндегі 65 спорттық алаңшада «Аула чемпионаты» ойындары өтеді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен сайыста балалар спорттың 7 түрінен – асық ату, ләңгі тебу,баскетбол добын торға түсіру, скакалкамен секіру, футбол қақпасын көздеу, гимнастикалық шеңбер айналдыру, турникке тартылудан сынға түсіп жатыр. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, аудан әкімдігі бірлесе ұйымдастыратын бұқаралық іс-шараға биыл 9 000-ға жуық баланы қамту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының ІІІ - кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойындар қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

«Шымкент жастар лигасы» жобасында футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.

Шахматтан - Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан - А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының, баскетболдан - М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футболдан — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командалары лиганың чемпионы атанды.