Шымкентте ауылшаруашылық көрмесі басталды

0
1 284

Көрмеге 50-ден астам экспоненттері алуышаруашылық техникасын және жабдықтарын қойылды.


Шымкентте ауылшаруашылық көрмесі басталды

Бүгін Шымкенттегі «Көрме орталығында» "AgriTek Shymkent-2019" 8-ші халықаралық мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сегізінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық көрменің ашылу салтанатына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.

Көрмеде Қазақстан, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ пен Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан елдерінің ауыл шаруашылығы саласына қажет 50-ден астам техникасы қойылды.

Аталмыш көрмеде сөз алған шаһар басшысы мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

«Шымкент үшінші мегаполис қала атанғалы қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп, азық-түлік белдеуін құру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, қалада агро-индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалынып жатқан жұмыстар», - деді Ерлан Қуанышұлы.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер болса Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласына қарқынды күш салып жатқанына ерекше тәнті екенін жеткізе отырып, шымкенттік шаруаларды және тиісті мамандарды АҚШ-қа тәжірибе алмасуға шақырды.

Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, қосалқы бөлшектер, суару және тыңайту технологиялары, жылыжайлар, тұқымдар мен екпелерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдары, мал шаруашылығына арналған технологиялар ұсынылды.

Халықаралық көрмеде отандық және шетелдік компаниялар мен кәсіпорындар қаланың аграрлық саладағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, олармен іскерлік байланысты нығайтып, озық технологиялар туралы пайдалы мағлұматтар алды.