Шымкентте банкке 1,1 млн теңге жинақтап, пәтер алуға болады (видео)

0
12 721

Егер Сіздің шотыңызда 1 млн теңгеден астам ақша болса, 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен банктің жеңілдетілген заемының арқасында оп-оңай пәтер кілтін ала аласыз.


Шымкентте банкке 1,1 млн теңге жинақтап, пәтер алуға болады (видео)

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін Шымкент қаласында 2500 пәтерден тұратын 40 үй салынады. Ондағы үйлердің әр шаршы метрінің құны 140 000 теңгені құрайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында бой көтерді. Жалпы алғанда 150 мың шаршы метр қолжетімді баспана сатылады. Жаңа нысандар қаланың екі ауданында, атап айтқанда Shymkent City мен әкімшілік- іскерлік орталықта тұрғызылады. 1 шаршы метрдің бағасы 140000 теңгені құрайды.

"НҰРЛЫ ЖЕР" БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ ШЫМКЕНТТЕ ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА?


Пәтерлер 50/50 қағидасына сәйкес саудаланады. Яғни олардың кем дегенде 50 пайызы әкімдікте кезекте тұрғандар арасында үлестіріледі. Ал, қалған 50 пайызы кезекте жоқ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына сатылады.

ШЫМКЕНТТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАМЕН САЛЫНАТЫН ПӘТЕРЛЕРДІҢ ӘР ШАРШЫ МЕТРІНІҢ ҚҰНЫ КӨТЕРІЛЕДІ МЕ?


Бұл ретте әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға да мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшылары болып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, ақша жинау керек екенін айта кету керек.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАМЕН САЛЫНҒАН ҮЙЛЕРДІҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?


Ақылбек ҚОСПАНОВ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Алғашқы 662 пәтерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері осы жылы ала алады. Осы мақсатта қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 12 тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс салушы бұл нысандарды осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, ол бойынша үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта 20 пайыз көлеміндегі бастапқы жарнаның болуы жеткілікті. 1 бөлмелі пәтердің бағасы 5,6 млн теңге деп алсақ, депозитте 1,1 млн теңге жинақтау керек. Осыдан кейін банк 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген заем береді.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ АРҚЫЛЫ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР САЛЫНАДЫ МА? БАҒАСЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?


Банк өкілінің айтуынша 1816 пәтердің құрылысы мен пайдалануға берілуі 2019 жылға жоспарланып отыр. Жаңа үйлер Shymkent City ауданында тұрғызылады.

«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, келесі талаптарға сай азаматтар бұл пәтерлерден үміткер бола алады:

  • ҚР азаматтары немесе Оралман мәртебесіне ие болуы шарт;
  • Өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде еліміз аумағында жеке меншік үйінің болмауы керек;
  • Төлем қабілеттілігін растай алуы қажет;

Сондай-ақ банк салымшылары басқа да бағдарламалар арқылы баспаналы бола алады.

"7-20-25" БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ҚАЛАЙ БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА БОЛАДЫ?


Мысалы, қазан айының соңында «Өз үйім» бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау жоспарланып отыр. Оның аясында Шымкент қаласының Төлеметов көшесінде тұрғын үй кешені салынуда. Мұндағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 190000 теңгені құрайды. 20 пайыздық бастапқы жарна болған жағдайда, банк 7 пайыз мөлшерлемемен заем береді. Кейіннен жылдық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылып жатқан барлық жаңа нысандар туралы ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады.