Шымкентте биыл 500 азаматқа тұрғын үй сертификаты беріледі

0
540

Жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр.


Шымкентте биыл 500 азаматқа тұрғын үй сертификаты беріледі

Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Аталған әлеуметтік көмек бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталған жоқ. Алдын ала ақпараттандыру үшін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022 жылға -37 389 теңге) соңғы 6 (алты) ай ішінде орташа табысы (115 905 теңге) болған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары бұл аталғандарға қосылмайды. Соңғы 6 ай ішінде орташа табысы отбасы әр мүшесіне шаққанда 115 905 тг аспау керек.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап берілген. Осы жылы 21 азаматқа 20,4 миллион теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілген. Ал, 2021 жылы 416 отбасыға берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты беріледі.