Шымкентте «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауы өтті

0
1 004

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жастары – Абылайхан мен Аяулым І орынды иеленді.


Шымкентте «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауы өтті

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

– «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу эпосы» – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бұл мәңгілік махаббат символы күніне айналып үлгерді. Мерекені атап өту жастар арасында кең тарап, қазақтың құндылығы мен қайталанбас дәстүрі дәріптеліп келеді. Бұл байқаудың мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүріне байланысты жастарды әдептілікке, инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеу. Жастардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыру, - деді алғаш сөз алған жауапты басқарма өкілі Мұхтар Төлепов.
Жалпы, байқауға қатысуға оқу орындарынан 50-ге жуық жұп қатысып, соның ішінде 8 жұп «Бозбала мен Бойжеткен – 2022» байқауына жолдама алған.
Үш кезеңнен тұрған байқауда үміткерлер өз өнерлерін көрсетіп, қазақ халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрінен қойылымдар қойып, өз білімдерін сынға салды. Сахнада талантты жастар ұлттық киімде шығып, тарихымызды, салт-санамызды паш етіп, көрермендердің көңілінен шықты. Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жастары – Абылайхан мен Аяулым І орынды иеленді. Осы оқу ордасынан келген жұп Бексұлтан мен Сымбат – ІІ орын, Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің дарынды жұбы Сәкен мен Ару – үшінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Өзге де қатысушылар «Көрермен көзайымы», «Парасатты жұп» «Креативті жұп» «Өнерлі жұп», «Жарасымды жұп» номинацияларымен марапатталды.