Шымкентте бұрынғы ипподром маңындағы 270 түп ағаш кесілмейтін болды

0
386

Ғабит Сыздықбеков аталған жол құрылысын тоқтату жөнінде тапсырма берді.


Шымкентте бұрынғы ипподром маңындағы 270 түп ағаш кесілмейтін болды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы бұрынғы ипподром орнына салынған тұрғынүй кешені үшін жол салу мақсатында кесілуі тиіс ағаштар кесілмейтін болды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.


Шымкент қаласындағы бұрынғы ипподромның орнында салынып жатқан «Атамұра» тұрғын үй кешенінен Бәйдібек би даңғылына шығатын жол салу жоспарланған болатын. Жолдың жалпы ұзындығы 218 метр, ал ені 14 метрді құрауы тиіс еді. Құрылыс нысанының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, осы мақсатта бюджеттен қаржы қаралып үлгерген. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау көзделген.


Алайда жол құрылысын жүргізу үшін этносаябақ аумағындағы 270 түп ағашты кесуге тура келді. Оған қоса, саябақтың жанынан мұндай жолдың өтуі этносаябаққа демалуға келетін тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екені белгілі болып отыр.

Осы жағдайларды ескере отырып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған жол құрылысын тоқтату жөнінде тапсырма берді. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, «Атамұра» тұрғын үй кешенін қаламен байланыстыратын жолды басқа тұстан салу үшін балама жоба әзірленеді.
Нәтижесінде, саябаққа келушілерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, 270 түп ағаш кесілмейтін болды.