Шымкентте емхананың бас дәрігері парамен ұсталды

0
489

7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Шымкентте емхананың бас дәрігері парамен ұсталды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкенттегі “№11 қалалық емханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері парамен ұсталып, 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, Ол Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "№11 қалалық емханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері қызметін атқарып жүріп, кадр жөніндегі инспекторы арқылы, пара беруші К.-дан 100 000 теңге, пара беруші А.-дан 300 000 теңге ақшаны пара ретінде бірнеше рет алған.

“Сотталушылардың кінәсі олардың басты сот талқылауында айыбын толық мойындауларымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, жасырын тергеу барысында жазылған стенограммамен, заттай дәлелдемелер деп тану және оларды қылмыстық іске қосу туралы қаулымен, сараптама қортындыларымен, пара ретінде берілген ақша қаражаттарын алу хаттамаларымен дәлелденді”, - делінген баспасөз хабарламасында.

Сотталушы дәрігер қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оны мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал, кадр жөніндегі инспектор де қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Оған параның 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.