Шымкентте грек-рим күресінен республикалық турнир басталды

0
645

Жарыста 250-ге жуық спортшы бақ сынайды.


Шымкентте грек-рим күресінен республикалық турнир басталды

Шымкент қаласында «Жеңіл атлетикалық манеж» спорт кешенінде академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл 28-ші рет ұйымдастырылған жарыста еліміздің барлық өңірінен және Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, жалпы 250-ге жуық спортшы бақ сынайды.

Сайыстың ашылу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов шаһарда бұқаралық спортты дамыту, спортшыларға жағдай жасауда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев, грек-рим күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Серік Жұмашев турнирдің тарихына тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі.

Шаһарда грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Биыл Шымкент қаласының балуандары Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатында жеңімпаз атанған еді. Шымкенттік балуан Қырғызстан, Жапония және Оңтүстік Корея елінің спортшыларынан басым түсті. Өткен жылы құрлық біріншілігінде күміс жүлдегер атанған еді. Әлімхан биылғы чемпионатта үздік екенін дәлелдей білді.

Қалалық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбетке темір тұлпардың кілтін табыс етті. Айта кетсек, жеңіл автокөлік спортшыға демеушілер тарапынан беріліп отыр.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19-сәуірінде грек - рим күресінен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы КСРО спорт шебері Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өткен болатын. Екі күнге созылған жарысқа қазақстандық балуандардан өзге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресей секілді мемлекеттен 250 ге жуық спортшылар қатысты.