Шымкентте гүлдер фестивалі өтіп жатыр

0
1 011

Дәл қазір мыңдаған шымкенттіктер «Орталық саябаққа» жиналып, «Менің гүлді аулам» гүлдер фестиваліне қатысуда.


Шымкентте гүлдер фестивалі өтіп жатыр

Шымкент қаласында «Менің гүлді аулам» фестивалі өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Дәл қазір мыңдаған шымкенттіктер «Орталық саябаққа» жиналып, «Менің гүлді аулам» гүлдер фестиваліне қатысуда. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шарада эстрада жұлдыздары ән шырқап, көпшілікті көтеріңкі көңіл-күйге бөлеуде. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, гүлдер көрмесі, арнайы шеберлік сағаттары өтіп, суретшілер өздерінің ең жақсы деген жұмыстарымен таныстырды.

Саябақ кәдімгі сахнаға айналып, әдемі безендірілген гүлдер композициялары мен түрлі инсталляцияларда қонақтар естелік суреттерге жарыса түсуде. Қызғалдақ гүлі кейпіндегі бишілер мың бұрала билеп, ерекше әсер сыйлады. Оған қоса бүгінгі ауа-райы да ерекше құлпырып, тұрғындардың жүзі бал−бұл жайнап, керемет көңіл- күйде жүр.
Сондай-ақ, мерекеге келген қала тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдары мен дәмді кәуаптарынан дәм татты. Арнайы шақырылған аниматорлар балаларды жарқын әсерге бөлеп, ойын түрлерімен жарысса, қонақтар арасында түрлі ұтыс ойындары ойнатылып, түрлі сыйлықтар ұсынылды.
Мерекелік іс-шараның екінші жартысында күннің басты оқиғасы «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын марапаттау сәті ұйымдастырылып, іс−шара соңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Open Air кешінің өтуі күтілуде.

Фестиваль тақырыбы қаланың символы - қызғалдаққа арналған. Фестивальдің мақсаты табиғатқа ұқыпты қарауды үйрену, экологиялық мәдениетті дамыту және Шымкент қаласын Қазақстанның ең гүлді қалаларының бірі ретінде танымал ету.

Айта кетейік, «Менің гүлді аулам» конкурсын бағалау үшін 2023 жылдың сәуір айының 3-5 күндері 7 адамнан құралған бағалаушы қазылар алқасы әр қатысушы аулаға барып тексеру жүргізді. Әрбір аула басқарушысы мен аула тұрғыны конкурс барысында атқарылған жұмыстары, ауланың көрікті болуына тартылған тұрғындар мен қолданған тыңайтқыштар жөніндегі ақпараттармен бөлісті. 12 сәуір күні қазылар алқасының жеңімпазды анықтау мақсатында бағалау отырысы өтті. Отырыс нәтижесінде 91 қатысушының ішінен 31 аула жүлделі орын алды.