Шымкентте кене шаққан адамдар саны үш есе көбейді

0
625

Қалада көктемгі дезинфекциялау іс-шаралары басталды.


Шымкентте кене шаққан адамдар саны үш есе көбейді

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте кенеге қарсы өңдеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқарма мәліметінше, 2021 жылы конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының 2 жағдайы тіркелген. 2022 жылдың 3 айында аурушаңдық тіркелмеген.

“Бүгінгі таңда қала бойынша кене шағып медициналық көмекке қаралған 22 адам тіркелді, кене шағу жағдайлары былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 3 есе өскен (2021 жылы - 7 жағдай)”, - делінген баспасөз хабарламасында.

Шымкент қаласы конго-шырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз аймақтар қатарына жатады.

Аурудың алдын алу үшін қалада жыл сайын елді мекендердің айналасындағы санитарлық қорғау аймақтарын кенеге қарсы өңдеу, сондай-ақ жануарларды, мал қораларын және буферлік аймақтарды өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

Қалада дезинфекция орталығы мен ветеринарлық қызмет тарапынан көктемгі дезинфекциялау іс-шаралары басталды. Өңдеу жұмыстары 30 мамырға дейін жалғасады.

Айта кетейік, конго-қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Сонымен қоса, кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралып және 14 күн медициналық бақылауда болу қажет.