Шымкентте халық ақыны Әселхан Қалыбекованың 70 жылдығына орай әдеби кездесу өтті

0
1 942

Кездесуге ақынның шәкірттері, айтыссүйер қауым қатысты.


Шымкентте халық ақыны Әселхан Қалыбекованың 70 жылдығына орай әдеби кездесу өтті

Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында халық ақыны Әселхан Қалыбекованың 70 жылдық мерейлі жасына орай «Сөз өнерінің саңлағы» атты әдеби кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуге ақынның шәкірттері, айтыссүйер қауым қатысты. Шара барысында Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Раушан Шәденқызы қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтеновтің Алғыс хатын, сый-сыяпатын табыс етті. Сондай-ақ белгілі айтыскер, сазгер, ұлағатты ұстаз Әбдіхалық Әбдірайымов мерейтой иесіне «Ұлт жанашыры» төсбелгісін табыстады.
Сонымен қатар «Өнер» мектеп-интернатының директоры Маржан Есжанова, жыр жүйріктері Біржан Байтуов, Нұрлыбек Мейірманов, Бекмұрат Анарбаев ақындардың анасына айналған Әселхан Қалыбековаға деген ақжарма тілектерін жеткізді. Қалалық Мәдениет үйінің майталман өнерпаздары Әбдіразақ Сафура мен Әшірбек Жандос әдеби кештің көрігін қыздырып, әсем әндерімен әрлей түсті. Кездесу барысында халық ақыны тыңдармандар тарапынан қойылған сұрақтарға кеңінен жауап беріп, айтыс өнерінің қыр-сыры турасында қызықты әңгіме өрбітті.
Тағылымы терең әдеби кездесу кешін кітапхана басшысы Анар Жаппарқұлова жүргізді. Кеш соңында халық ақыны Әселхан Қалыбекова көпшілікке рухани қазына сыйлаған ұйымдастырушыларға шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.