Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өтті

0
2 338

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 80 мыңға жуық зейнеткер тұрады.


Шымкентте Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік іс-шара өтті

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шарада ардагерлермен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған мерекелік іс-шараны алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ашып, ардагер қарияларды құттықтады.

«Тәрбиелі ұлт, дамыған ұлт өз қариясын сыйлап, үлгі тұтқан және мол тәжірибесінен тәлім алған. «Қариясы бардың – қазынасы бар» деген сөз де бекер айтылмаған. Сондықтан, өз дәстүріміз бойынша ардагерлерді құрметтеп, жастар тәрбиесінде тиімді пайдалануымыз керек. Құрметті, ағалар мен аналар, немеремен шөбере сүйіп, шөпшектің қолынан май жалаңыздар! Мереке құтты болсын!», - деді Ерлан Айтаханов өз сөзінде.

Сонымен қатар, ақ дастархан жайылып, ән шырқалып, би биленген мерекелік кездесу барысында бірнеше ардагер қариялар қала әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында білім және мәдениет саласында еңбек сіңіргендер, тыл және еңбек ардагерлері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері бар.

Сондай-ақ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы және қаланың құрметті азаматы Шерім Медеуов аталған шара жайлы ойымен бөлісті.

«Бүгін қариялар үшін құрметті күн. Бұны қалалық ардагерлер кеңесі мен әкімшілік ұйымдастырып отыр және оған рақмет айтамыз! Ал, біздің қоғамға қосатын үлесіміз – осы жасқа дейін жинаған тәжірибемізді жастардың бойына сіңіру. Болашаққа дұрыс бағыт беру», - дейді Шерім атты қария.


Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 80 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 46-сы Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 4131-і тыл еңбеккері. Ал, 10 мыңнан астамы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған көп балалы аналар. Оларға «Қамқорлық» акциясы шеңберінде қоғамдық көліктерде тегін жүруге, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер қолданылып келеді. Сонымен қатар, қарттарымызды сауықтыру және денсаулығын бақылау мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен бес мыңнан астам ардагер денсаулығын түзеуге мүмкіндік алады және 80 жастан асқан жалғызілікті 160 қарияның зейнет ақыларына үстеме ақы төленеді.