Шымкентте қолайсыз ауа райы әлі 3 күнге созылады

0
2 789

Қарлы боран соғып, көктайғақ болады.


Шымкентте қолайсыз ауа райы әлі 3 күнге созылады

«Қазгидромет» РМК алдағы 3 күнге, яғни 23-25 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды ERNUR.KZ.

- Атмосфералық фронттардың жылжуының әсерінен, қар жауып бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші 15-20, екпіні 25 м/с. Соның әсерінен ауа ластануының қолайсыз метеорологиялық жағдайлары күтілмейді, -делінген kazhydromet.kz ресми сайтында.


Шаһарда толассыз жауған қар тоқтар емес. Қалада желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті. Кешеден бастап қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Олар қоймадағы барлық инертті материалдарды пайдаланып, жол тазалап жатыр.


Ел-жұртты әбігерге салған ауа райы көлік жүргізушілерін де қыспаққа алды. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қалада 51 жол-көлік апаты болған. Ол аз десеңіз көшелердегі бағдаршамдар жарықтың жоқтығынан істен шыққан.


Ертең қалада тағы да күн райы бұзылып, бұрқасын соғып, жел күшейеді деген болжам бар. Бұдан бөлек елдің оңтүстігінде Алматы – Ташкент – Термез республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы тоқтады. Үлкен тас жолда көру мүмкіндігі нашарлап, қарлы боран және көктайғақ болды. Мамандар жолаушылардың ұзақ жолға шықпауын ескертеді.