Шымкентте көшеде кітап сөресі ашылды

0
1 227

Кез-келген қала тұрғыны сөредегі ұнатқан кітапты оқуға алып, орнына қайта әкеліп қояды.


Шымкентте көшеде кітап сөресі ашылды

Шымкентте кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында "Кітап оқитын Шымқала" атты букроссинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен іс-шараны қаладағы Абай кітапханасы ұйымдастырып отыр.
Қала тұрғындарын әдеби шығармаларды оқуға баулу үшін "Нұрсәт" шағынауданы №130 мектептің жанына екі кітап сөресі қойылды. Кез-келген қала тұрғыны сөредегі ұнатқан кітапты оқуға алып, орнына қайта әкеліп қояды. Немесе, үйіндегі оқылған әдеби шығармаларды буккроссинг бұрышына сыйға да қалдыра алады.
Көшедегі кітап сөресі қала тұрғындарын кітап оқуға бағыттаумен бірге, жауапкершілік, адалдық, тазалық секілді қасиеттерді де қалыптастырады. Өйткені кітап сөресі бақылаусыз, ашық алаңда орналасқан.
Кітап сөресіне QR қосымшасы да орнатылған. Кітапсүйер қауым бұл қосымша арқылы кітапхана туралы және ондағы әдеби шығармалар мен авторлар туралы мәліметке қанық болады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бүгінде Қаратау ауданында жүзеге асқан бастама алдағы уақытта қаланың басқа аудандары мен гүлзарында жалғасады.