Шымкентте оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары қолға алынды

0
611

Қазіргі таңда мектептерде ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Шымкентте оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары қолға алынды

Шымкент қаласында 2023 жылдың жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазіргі таңда мектептерде ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтиды. Оның ішінде 16 715 –і қала сыртындағы, 137 555-і мектеп жанындағы лагерьлерде демалатын болады.
Балаларды сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерьлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 308,5 миллион теңге қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген.
Аталған қаржыға жалпы орта мектептерінен аз қамтылған 7 241 бала (85%), балалар үйінің 121 баласы (100%) және ерекше білім беру қажеттілігі бар 1 553 баласы (56%) қала сыртындағы лагерьлерде демалатын болады.

Айта кетейік, осы оқу жылында қаламыздағы 897 білім беру ұйымдарында 399 598 оқушы тәрбиеленуде. Оның ішінде 246 мектепте 249 544 оқушы білім алуда. Оның 11 653-і он бірінші сыныпта, ал 21 485-і тоғызыншы сыныпта. Биыл 11-сыныпты бітіруші 11 653 түлектің 10 545-і (90,4%) ҰБТ-ді тапсыратын болады. ҰБТ ағымдағы жылғы 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ге қатысушыларының деректер базасына тіркелуі өз бетінше 2023 жылғы 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Осы аралыққа дейін тестілеуге екі рет өтініш беруге мүмкіндік берілді. Барлық тестілеу өткізу орталықтары қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сынып сағаты оқу жылының қорытындысын шығару, балаларды жазғы демалыс кезінде өзін-өзі ұйымдастыруға, ынталандыруға және тәрбиелеуге бағытталып отыр. Бірінші маусым – оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты жиынды өткізу форматын білім беру ұйымдары таңдайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары сақталады. Ал қорытынды аттестаттауға жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11 (12) сынып білім алушылары жіберіледі. Ал 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында ана тілі, математика, қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша өтеді. Сондай-ақ, 11 (12) сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді.